Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Қатарға сапары аясында осы елдегі әріптесімен кездеседі.
Еуразия Тудейдің Түркия СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркия СІМ басшысы Хакан Фидан ертең, сәрсенбі күні Қатарға ресми сапармен барады.
Сапар барысында Хакан Фидан Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынас, сондай-ақ Палестинадағы ахуал және өңірлік оқиғалар бойынша пікір алмасады деп жоспарланған.
Бұған дейін Хакан Фиданның Қатарға алдағы сапары туралы Hürriyet басылымы хабарлаған. Басылымның жариялаған деректеріне сәйкес, сапар аясында Түркия Сыртқы істер министрі ХАМАС қозғалысының өкілдерімен де кездеседі.
Түркия тарапы Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасының Палестина мәселесі бойынша байланыс тобының қызметін қайта бастау туралы мәселені көтеруге ниетті.




















