Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Сиань қаласы мэрының міндетін атқарушы Е Нюпинмен кездесті. Бұл туралы СІМ баспасөз хатшысы хабарлады, деп жазады ақпарат тілшісі.
Кездесуде Е Нюпин ҚР Бас консулын тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Жошыхан Қыраубаев осы бағытта жинақталған тәжірибесі мен өзінің барлық күш-жігерін екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамыту үшін жұмсауға ниетті екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, транзит-көліктік салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру мен туризмді дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлінді.
Сонымен қатар 21 сәуірден бастап Астана мен Сиань арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы тараптардың шешімі өз уақытына сай екендігі ризашылықпен атап өтілді.
Сондай-ақ, ҚР Бас консулы Сиань қаласы мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз және өзара тиімді байланыс орнату бойынша белсенді жұмысты ілгерілету қажеттілігіне тоқталды.
Ал, Е Нюпин талқыға шығарылған мәселелерді іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты үдемелі дамыту мақсатында ҚР Бас консулдығы мен Сиань қаласының Халық үкіметі арасында тұрақты жұмыс байланыстарына қолдау білдіруге келісті.













