Кеше, 7 қыркүйекте Тәжікстан астанасы Душанбеде халықаралық туристік форум өз жұмысын бастады.
Іс-шара ТМД кеңістігінде туризм саласындағы халықаралық қатынастарды дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
РФ Туризм индустриясы одағының мәліметінше, форумға ТМД елдерінің делегациялары мен лауазымды тұлғалары және РСТ, Travel Hub, Edelink, Travelline, Bnovo, MTC-Трэвел сынды басқа да компания өкілдері қатысуда.
Форумның іскерлік бағдарламасы аясында «ТМД кеңістігінде бірлескен туристік өнімдерді құру», «ТМД кеңістігіндегі туристік қызметтерді цифрландыру» және «ТМД кеңістігінде туристік кластерлерді дамыту» атты үш панельдік сессия өткізіледі.
Форум барысында әртүрлі елдерде туризм саласын дамыту үшін тәжірибе алмасу және бірлескен турмаршруттар құру және іске қосу мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар форумға қатысушылар ТМД аумағында туристік кластерлерді дамыту бойынша Жол картасын әзірлейді деп болжануда.
Сондай-ақ, форум аясында көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға Тәжікстанның емдік-сауықтыру, экологиялық, мәдени туризмі мен таулардағы демалыс мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.
Халықаралық туристік форум 2023 жылғы 7-8 қыркүйек күндері өтеді.


















