Ташкент пен Мәскеу бағыты бойынша тұрақты рейстер санын көбейту туралы жаңа келісімге қол жеткізілді.
Өзбекстан Көлік министрлігінің хабарлауынша, Өзбекстан Президентінің Ресейге ресми сапары аясында көлік министрі Ильхам Махкамов Ресейдің Көлік министрі Виталий Савельевпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесуде көлік саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
«Тараптар автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп дамыту, соның ішінде Өзбекстан-Түркіменстан-Каспий-Ресей баламалы дәлізі бойынша екі ел арасында жүк тасымалдауды ұйымдастыру, көлік секторын цифрландыру және осы бағытта тәжірибе алмасуды кеңейтуге келісті»,- делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, Ташкент-Мәскеу бағыты бойынша тұрақты рейстер санын арттыру туралы жаңа келісімге қол жеткізілген.



















