Израиль мен ХАМАС келіссөз жүргізіп, кепілге алынған тұтқындардың бір бөлігін босату және соғысты уақытша тоқтату туралы келісімге келді.
Келісім бойынша, ХАМАС израильдік 50 тұтқын-әйелдер мен балаларды босатуы керек. Times of Israel сайтының мәліметінше, Израиль босататын үміткерлер тізімінде 300 палестиналық бар, олардың 287-і 18 жасқа толмаған балалар болса, 13-і әйелдер.
Израиль Газа секторындағы атысты төрт күнге уақытша тоқтатады. Бітімге келу осы мерзімнен одан ары ұзартылуы мүмкін. Бітім кезінде Газаға гуманитарлық көмек пен жанармай тиейтін жүк көліктері жіберіледі.
Атыс тоқтатылатын төрт күнде ХАМАС кепілге алынған 30 баланы, 8 ана мен тағы 12 әйелді босатады. Оларды босату кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп болжануда. Күніне шамамен 12 тұтқын жіберіледі.
Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, кепілге алынғандарды босату бейсенбіде басталады.
Айта кетсек, бұл келіссөздерге Қатар мен Мысыр мемлекеттері делдал болған. Еурокомиссия басшысы дипломатиялық арналар арқылы келісімге келуге делдал болғандардың барлығына алғыс білдірді.



















