Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды.
Бұл туралы primeminister.kz cайты хабарлады.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді.
Ірі инфрақұрылымдық жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Соның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.
Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.
Жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісін салуды көздейді.
Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген.
Барлығы 152 км теміржол төсемі салынады. Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.
Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85% құрайды.
Осы мәлімет бойынша, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға келетін жүктер осы жолмен тезірек өтеді.



















