Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға сапармен баратыны Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сұхбатта мәлім болды.
Ақорданың хабарлауынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 желтоқсанда Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара байланыстарды нығайтуға белсенді саяси диалог және екі мемлекеттің үкіметтері мен парламенттері деңгейіндегі ықпалдастық септігін тигізетінін айтты.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау – Ереван – Ақтау бағыты бойынша әуе рейстерінің іске қосылуын оң бағалады. Соның нәтижесінде бизнес-байланыстар мен туристік сапарлар айтарлықтай жандана түсті.
Тараптар перспективті бағыттардағы, соның ішінде көлік, логистика және сауда салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі арттыру мәселесін талқылады.
Премьер-министр Пашинян Қазақстан Президентін Армения Республикасына ресми сапармен келуге шақырды. Қазақстан Президенті шақыруды қабылдап, нәтижесінде ҚР Президентінің Армения Республикасына ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.



















