Иранның Денсаулық сақтау министрі Баһрам Эйноллаһи Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше отырысында Израильдің Газаға жасаған шабуылдарында құрбан болғандардың 70 пайызы әйелдер мен балалар екендігін мәлім етті.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Баһрам Эйноллаһи Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Газаға қатысты өткен 7-ші төтенше отырысында Палестинада денсаулық сақтау жүйесі толық күйрегенін айтты.
Бахрам Эйноллаһидің айтуы бойынша, сионистік режимнің үздіксіз шабуылдары салдарынан ондаған аурухана мен медициналық орталық қызмет көрсетуге жарамсыз.
Израильдің соғыс қылмыстары мен геноцидін тоқтату үшін халықаралық ұйымдардың дереу әрі кесімді түрде араласуы қажеттігін атап өткен Баһрам Эйноллаһи БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке осы ұйым Жарғысының 99-бабына сүйеніп, сионистік режимнің Газаға қарсы соғысынан әлемге төніп тұрған қатер туралы Қауіпсіздік кеңесіне ресми ескерту жасап, атысты тоқтату бітімін орнатуды тапсырғанына алғыс білдірді.
Айта кетсек, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сәрсенбі күні Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдап, БҰҰ Жарғысының 99-бабын 2017 жылы БҰҰ басшысы қызметіне кіріскеннен бері алғаш рет қолданды.
БҰҰ Жарғысының 99-бабында: «Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесінің назарына халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қауіп төндіретін кез келген мәселелерді жеткізуге құқылы», – деп көрсетілген.



















