ҚХР осы елде күн сайын мыңдаған науқастың ауруханаға түсуіне байланысты 2023 жылғы 13 желтоқсанда бетперде тағу режимін қайта енгізді.
Іz.ru мәліметінше, жаңа вирус Қытай халқы мен билігін әбігерге салуда.
Қытай басшылығы вирустың тарауын тоқтату мақсатында бұл міндетті ережені бұзғандарға 500 юань айыппұл салуды да ұсынуда.
Бірнеше апта бұрын ДДСҰ Қытайда жаңа вирустың балалар арасында қарқынды тарап жатқанын айтып, дабыл қақты. Алайда Қытай мамандары ғылымға баяғыдан белгілі, қоздырғышы Мycoplasma pneumoniae болып табылатын өкпе қабыну ауруы бірлі-жарым ғана тарап жатқанын алға тартты. Бұл тыныс алу жолдарын зақымдайтын, мұрын бітелу, тамақтың ауруы, әлсіздік, бас айналу және іш ауруы белгілері бар дерт саналады.
Мамандар бұл ауруды жұқтырған адамдар бірнеше ай бойы тыныс алудан қиындық көріп, жөтеліп жүретінін айтуда. Өкінішке орай, Қытайдағы бұл вирус Еуропа елдеріне де жетті.
Дания мен Нидерландыда 5-14 жас аралығында вирус жұқтырғандар саны бір аптада 130 баладан 100 мың балаға жеткен.
АҚШ билігі болса алдағы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бетперде тағуға және қоғамдық орындарға көп бармауға шақырды.
Гонконг тұмауы Астанада да тіркелген. Дәрігерлер бұл вирустың өзгелерге қарағанда өте қауіпті екенін айтады. Шамамен төрт жыл бұрын дәл осы уақытта коронавирустық пандемия басталды. Соңғы күндері сайттар мен әлеуметтік желілерде Қытайда пайда болған жаңа қауіпті вирус жөнінде хабарламалар тарап жатыр.
Әлемдік БАҚ Қытайдағы өкпе қабыну ауруы дүние жүзі бойынша тарап кету қаупін жоққа шығармайды.



















