Қасым-Жомарт Тоқаев Италияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі деп атады.
Ақорданың хабарлауы бойынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы 2024 жылғы 18 қаңтарда Рим қаласында Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөз барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды.
Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты.
Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.
Президент Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асқанын атап өтіп, таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жететіндігіне сенім білдірді.
Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 қаңтар күндері Италия және Ватикан мемлекеттерінде ресми сапарда жүреді.




















