Қытай мен Өзбекстанның мүдделі министрліктері бірлесіп, екі ел арасында автомобиль көлігімен жүк тасымалдау үшін жаңа бағытты іске қосты.
mintrans.uz сайтының мәліметі бойынша, жаңа бағыт Өзбекстанның Көлік министрлігі мен халықаралық автотасымалдаушылар қауымдастығы және Қытай Халық Республикасының мүдделі министрліктері және ведомстволарының ұйымдастыруымен жүзеге асуда.
Жаңа сауда жолы жүктерді жылдам әрі қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік береді. Өзбекстанның жүк тасымалдаушылары жаңа бағыт бойынша Қытайдың Сары теңізінің жағалауында орналасқан Циндао қаласына Қазақстанның Қорғас бекеті арқылы транзитпен жылдам жеткізеді.
Өзбекстан Көлік министрлігінің хабарлауынша, жаңа бағыт бойынша жүк жеткізуде министрлік тарапынан тасымалдаушыларға қолдау көрсетіледі.
Айта кетсек, 2024 жылдың қаңтар айында Қытайдың жетекші компанияларының бірі Zhengzhou Hongji Transportation Шэньчжэньден Қырғызстан арқылы Ташкентке автомобиль жүк тасымалдарын іске қосты. Бағытты іске қосу нәтижесінде жол жүру уақыты 20 күннен 7 күнге дейін қысқарды.



















