Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның 70 жылдық мерейтойына орай «Түркіменстанның құрметті ел ағасы» атағын берді.
Бұл туралы Түркіменстанның TDH мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.
Бүгін, 26 ақпанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 70 жасқа толды. Режеп Тайып Ердоғанға «Түркіменстанның құрметті ел ағасы» атағы президенттің 70 жылдық мерейтойымен қатар оның Түркіменстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.
Бердімұхамедовтың Ердоғанға жолдаған құттықтау хатында Түркіменстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытуға қосқан зор жеке үлесі, халықтар бірлігі жолындағы қызметтері жоғары бағаланып «Hormatly il ýaşulusy» (Түркіменстанның құрметті ел ағасы) құрметті атағын беру туралы шешім қабылданғаны айтылған.
Сондай-ақ, Сердар Бердімұхамедов Түркіменстан сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі Түркиямен түрлі бағыт бойынша стратегиялық және ұзақ мерзімді қатынасты дамыту және нығайту болып табылатынын атап өткен.
Сердар Бердімұхамедов бүкіл түркімен халқының атынан Режеп Тайып Ердоғанды «Түркіменстанның құрметті ел ағасы» атануын шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және амандық, Түркия халқына бейбітшілік, өркендеу тілек білдірді.
Hormatly il ýaşulusy Түркіменстанның құрметті марапаты саналады.













