Макрон, Шольц және Туск 15 наурыз күні Берлинде Украина бойынша кездесу өткізеді.
Politico басылымы «Франция президенті Эммануэль Макрон мен Польша Премьер-министрі Дональд Туск 15 наурызда Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен Украинадағы жағдайды талқылау мақсатында кездеседі» деп хабарлайды.
Басылымның дерегінше, Эммануэль Макрон мен Олаф Шольц 15 наурыз күні түске дейін екіжақты кездесу өткізеді. Сол күні түстен кейін оларға Польша Премьер-министрі Дональд Туск қосылатыны айтылды.
Кездесудің мақсаты — соңғы уақыттарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған келіспеушіліктер туралы хабарламалар аясында Украина мәселесі бойынша көшбасшылардың бірлігін көрсету.
Бұған дейін Politico басылымы Макрон мен Шольц арасындағы Украинаға әскери көмек көрсету мәселесіндегі келіспеушіліктің ашық қақтығысқа айнала бастағанын жазған болатын.
Bloomberg 1 наурызда ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц бір-бірімен тіл табыса алмайтындығы туралы жазды.
Бұл Польша Премьер-министрі Дональд Тусктың 2023 жылғы желтоқсан айында Үкімет басшысы қызметіне тағайындалғаннан бергі «Веймар үшбұрышы» форматындағы алғашқы кездесуі болмақ.
Веймар үшбұрышы — 1991 жылы тамызда құрылған Германия, Франция және Польшаның үш жақты форматы.














