Open Arms және World Central Kitchen қайырымдылық ұйымдары теңіз дәлізі арқылы Кипрдан Газа секторына екінші гуманитарлық көмек жіберді.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша сенбі күні жолға шыққан екінші гуманитарлық көмек кемелері ертең, сейсенбі күні Газа секторына жеткізілуі тиіс.
400 тонна азық-түлік тиеген кемелер бортында күріш, макарон, ұн және Рамазан айында ораза ұстаған мұсылмандар үшін ауыз ашатын құрмамен қатар біраз азық-түлік бар.
Бұған дейін теңіз дәлізі арқылы Газа секторына алғашқы гуманитарлық кеме 200 тоннадан астам азық-түлік жеткізген болатын.
Бүгінде бірқатар гуманитарлық ұйым Газа секторына гуманитарлық көмекті дереу арттыруды талап етіп, осы аймаққа көмек көрсетуде теңіз дәлізінің құрылуын құптады.
Ұйымдардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда Газа секторындағы жағдайға байланысты қабылданған шаралар жеткіліксіз.
Сонымен қатар сенбі күні Иордания Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафади егер Израиль Газаға көмек жеткізу үшін барлық құрлық бекеттерін ашатын болса, Газа секторындағы ашаршылық пен оның салдарымен дереу күресуге болатынын айтты.



















