Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Тәжікстанмен виза жеңілдігін беретін шешімнің күшін жоятын жарлыққа қол қойды.
Еуразия Тудейдің Resmi Gazete басылымында жарияланған деректерге сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Режеп Тайып Ердоған қол қойған жарлықта «Тәжікстан азаматтарының Түркияға кіруі үшін визасыз режимді жою туралы шешім қабылданды», — деп жазылған.
Түркия президенті 5 сәуір күні қол қойған бұл шешімді сенбі күні үкімет басылымы жариялады.
Бұған дейін Тәжікстан азаматтары сапар мақсаты туризм және болу ұзақтығы 90 күннен аспаса Түркияға визасыз бара алатын.
Түркияның Тәжікстанмен визасыз режимді жою себебі ресми түрде айтылмады. Алайда Ресейдің кейбір БАҚ бұл шешімді Мәскеу түбіндегі лаңкестік әрекетпен байланыстырады.
Сонымен қатар Түркия басылымдары өткен аптада Ыстамбұлда лаңкестік оқиғаға қатысы бар деген күдікпен тәжік азаматының ұсталғанын жазды.
Тәжікстан СІМ 2024 жылғы 20 сәуірден бастап Түркия азаматтары үшін визалық режим енгізілетінін мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, 6 сәуір күні Түркия тарапы бұл шара туралы ресми түрде хабардар еткен.
Түркия Орталық Азия аймағындағы осымен екінші елмен визасыз режимді алып тастады. Бұған дейін, 2022 жылы Түркия Түркіменстанмен визасыз режимді алып тастаған болатын. Қазіргі таңда Түркияға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары визасыз бара алады.


















