Беларусь астанасы Минск қаласында 12 сәуірде ТМД елдерінің СІМ басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров 8 сәуір күнгі брифинг барысында мәлімдеді.
Айбек Смадияровтың айтуы бойынша, Минск қаласындағы ТМД елдерінің СІМ басшылары кеңесінің кезекті отырысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары мен ТМД аясындағы өзара іс-қимылдың жай-күйі және даму перспективалары талқыланады.
Іс-шарада саяси және мәдени-гуманитарлық, туризм мен спорт салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуды көздеген бірқатар шешім қабылданады деп күтілуде.
Сонымен қатар, сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында ведомство басшылары бірқатар бірлескен мәлімдемелер, соның ішінде Мәскеу қаласындағы Крокус-Сити Холлдағы лаңкестік әрекетке қатысты мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр.
Жоғарыда айтылған тақырыптардан басқа, Беларусь астанасында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жыл» шарасына байланысты ТМД-ның бірыңғай мерейтойлық медалін құру талқыланады.
Ұйымның бас хатшысы Сергей Лебедевтің айтуы бойынша, Украина мен Молдова сыртқы істер министрлері отырысқа қатыспайды.
Іс-шараға тоғыз мемлекеттің өкілдері қатысатыны расталған.
Армения СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Арарат Мирзоян да Минскіде өтетін ТМД сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатыспайды.



















