Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев бүгін, 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті.
Өзбекстан Республикасының Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша осы елдің Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев Қазақстан аумағындағы жуырдағы алапат су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас Қазақстан халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Сұхбатта мұндай табиғи апаттар соңғы кездері өңірімізде байқалған жағымсыз климаттық өзгерістердің салдары екені баса айтылды.
Осы бағытта тығыз практикалық ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Ақорданың хабарлауынша Қасым-Жомарт Тоқаев елінің бірқатар өңірінде болған су тасқынына байланысты тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёев пен бауырлас Өзбекстан халқына алғыс айтты.
Екі ел президенттері жуырда Хиуа қаласында өткен жұмыс кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру тұрғысында тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық өзбек-қазақ қатынастарын одан әрі кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесі талқыланды.



















