Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Газадағы Израиль шабуылдарынан қираған қалалардың саны Германияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қираған аудандарға қарағанда көбірек екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Жозеп Боррель Еуропалық парламентте сөйлеген сөзінде Газа секторында 34 мыңнан астам адам қаза тапқанын, олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар, әйелдер мен балалар екенін айтты. Ол сондай-ақ, осы көрсеткіштен екі есе адам жараланғанын және Газа халқының 75 пайызы босқынға айналып, аштық алдында тұрғанын айтты.
Боррель Газа секторындағы соғыс аймағына 19 миллиард доллар шығын келтіргеніне тоқталып, аймақтағы физикалық инфрақұрылымның 60 пайыздан астамы зақымданғанын және 35 пайызы толығымен жойылғанын мәлімдеді.
Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Газа соғысында қаза тапқан гуманитарлық қызметкерлер санына назар аударып, 7 қазаннан бері кем дегенде 249 қызметкер, соның ішінде БҰҰ-ның 181 қызметкері қаза тапқанын айтты.
Сонымен қатар Боррель Израиль «Дүниежүзілік орталық асхана» халықаралық қайырымдылық ұйымына шабуыл жасап, жеті жұмысшысын өлтіргенін де атап өтті.
ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Газа секторында журналистердің қаза табу мәселесіне де тоқталып: «Израиль шабуылдары кезінде қаза тапқан журналистердің саны бізді үрейлендірді.
«Шекарасыз репортерлар» ұйымының мәліметінше, 6 айдан аз уақыт ішінде 100-ге жуық журналист қаза тапты. Бұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған» деді.
Боррель сөзінің жалғасында: «Біз Израильге шетелдік медиа желілерінің әрекеттеріне тосқауыл қою құқығын беретін жаңа заңға да алаңдаймыз. Бұл заң Газа секторындағы БАҚ қызметіне қолжетімділіктің болмауымен бірге алаңдаушылық туғызады.
Біз Израиль халықаралық құқықты құрметтеу, Халықаралық соттың уақытша шараларын орындау және барлық бейбіт тұрғынның қорғалуын қамтамасыз етуі керек екенін тағы қайталаймыз» деді.
Сионистік режим соңғы алты айда Газа секторына соққы жасап, бұл аймақты қиратып, барлық бақылау-өткізу пункттерін жапты.
Газа секторындағы Палестина ақпарат басқармасы сейсенбі күні 200 күндік соғыстан кейінгі Израиль армиясының осы аймаққа жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар және қирандылар туралы соңғы мәліметтерді жариялады.
Басқарма есебінде сионистік режимнің Газа секторының мазлұм халқына қарсы 200 күндік геноцид соғысынан кейін жалпы саны 41 183 адамның қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткені көрсетілген. Соның ішінде 34183 адамның есімі «медициналық орталықтарда қаза тапқандар» ретінде тіркелген.
2023 жылғы 7 қазанда Палестиналық қарсыласу топтары Израиль режиміне қарсы «Әл-Ақса дауылы» операциясын бастады. Соңында 45 күндік шайқастар мен қақтығыстардан кейін 2023 жылғы 24 қараша күні Хамас пен Израиль арасында уақытша атысты тоқтатуға қол жеткізіліп, тұтқындармен алмасу үшін төрт күндік үзіліс жасалды.
Үзіліс жеті күнге созылып, ақырында 2023 жылдың 1 желтоқсанында, жұма күні таңертең Израиль режимі Газаға қарсы шабуылдарын қайта бастады.
Сионистік режим өз сәтсіздігінің орнын толтыру және қарсыласу операцияларын тоқтату мақсатында Газа секторының өткелдерін жауып, бұл аймақты бомбалауда.



















