Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елінің Израильмен сауда қатынасын тоқтатқанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен Анкарада өткен баспасөз мәслихатында: «Біз Батыстағы экстремистік ағымдардың белсенділігінің артуына алаңдаймыз. Германия билігі лаңкестік топтарға қарсы көбірек шара қолданады деп күтеміз» деді.
Түркия президенті Газа секторында болып жатқан оқиғалардың теңдесі жоқ қатыгездік екенін және Нетаньяху бүкіл аймақтың, соның ішінде өз халқының қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін, осылайша өзінің саяси өмірін ұзартқысы келетінін баса айтты.
Ердоған «Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс Газа соғысының аймақ тұрақтылығына қауіп төндіретінінің мысалы болды. Израильдің Газа секторында жасаған қылмыстары назардан тыс қалмауы керек» деді.
Сондай-ақ, Ердоған Түркияның Израильмен сауда қатынасын сақтауға тырыспайтынын және сауда қатынасының тоқтағанын айтты.
Түркия президенті сөзінің жалғасында: «Батыс Израильді қолдап тұрған сәтте Газа секторы жойылу шегінде. Біз Палестина мен Израиль арасында тұтқындармен алмасу мәселесі бойынша келісімге келеміз деп үміттенеміз» деді.
Германия президенті 7 қазанда Хамас шабуылы болмағанда қазіргі Газа секторында соғыс болмас еді деп мәлімдеді. Ол: «Біз Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты азайту үшін әрекет жасап жатырмыз. Палестиналықтар үшін ұзақ мерзімді саяси көзқарас құрмай, Израиль өзін қауіпсіз сезінбейді» деді.



















