Ауа райының күрт ысуы Газа секторындағы адамдар арасында эпидемия мен аурудың таралуына әсер етеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Газа секторының азаматтық қорғаныс агенттігі күннің ысуы салдарынан анклавтың оңтүстік бөлігіндегі босқындар қосындарында эпидемия мен аурудың таралуына алаңдап, дабыл қақты.
«Газа секторының оңтүстік аймақтарындағы қосындарда тұрып жатқан босқындардың азабы аптап ыстықтан күшейе түседі», — деп жазылған агенттіктің мәлімдемесінде.
Агенттік бұл жағдай эпидемиялар мен аурулардың адамдарға, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге таралу қаупі туралы ескертеді.
Мәлімдемеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жүздеген мың палестиналық босқындардың өмірін құтқару үшін шұғыл шара қабылдау және аптап ыстықта шатырларға балама орындар табу қажеттілігі айтылған.
Газа секторында күндіз 37°C дейін қатты ыстық күтілуде.
2023 жылғы 7 қазан күнінен бері Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдарында қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 34 305-ке жетті. Олардың көпшілігі — балалар мен әйелдер. Кем дегенде 77 293 адам жарақат алды.




















