Иран СІМ басшысы Амир Абдуллаһиан Иран мен Тәжікстанның екіжақты қарым-қатынастарының ілгерілеуіне тоқталып, дос әрі бауырлас Тәжікстан елімен қарым-қатынасқа үлкен мән берілетінін қуаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, саяси консультациялардың екінші кезеңіне, сондай-ақ Иран Ислам Республикасы мен Тәжікстанның бірлескен консулдық кездесуіне қатысу үшін Тегеранға сапармен келген Тәжікстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Фаррух Шарифзода Хоссейн Амир Абдуллаһианмен кездесті.
Иран СІМ басшысы Иран мен Тәжікстан президенттерінің кездесулеріне сілтеме жасап: «Біз дос әрі бауырлас Тәжікстан елімен қарым-қатынасқа үлкен мән береміз», — деп баса айтты.
Сонымен қатар Амир Абдуллаһиан екіжақты қарым-қатынастардың барысына тоқталып, екі ел президенттері арасындағы келісімдерді жүзеге асыруды жеделдету қажеттігін қуаттады.
Тәжікстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Фаррух Шарифзода бұл әлемде достармен кездесуден асқан қуаныштың жоқ екенін Рудакидің өлең жолдарымен білдірді.
Фаррух Шарифзода тілі, мәдениеті, тарихы мен өркениеті ортақ Иран мен Тәжікстанның сауда, экономикалық, мәдени және білім салаларындағы қарым-қатынастарын одан әрі дамыту және нығайту үшін елеулі мүмкіндіктер бар екенін баса айтты.
















