Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Бельгияға сапары аяқталып, 26 маусымға қараған түні Бішкекке оралды.
Еуразия Тудейдің Қырғызстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Брюссельге жұмыс сапары аясында Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскиспен келіссөз жүргізді.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция тарту, тау-кен өнеркәсібінде, жасыл экономикада бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ, цифрлық технологияларды енгізу және адам ресурстарын дамыту мәселелері талқыланды.
Сапар аясында Садыр Жапаров Бельгия Королі Филиппен келіссөз жүргізіп, Қырғызстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тараптар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасып, Қырғызстан мен Бельгияның одан әрі өзара іс-қимылының бірқатар перспективалық бағыттарын нақтылады.
Садыр Жапаров Еуропалық Кеңестің Президенті Чарльз Мишельмен де келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды инвестициялау және іске асыру туралы пікір алмасты.
Сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров сапар аясында төтенше жағдайларды жою жөніндегі үйлестіру орталығында болды.
Айта кетейік, Садыр Жапаров 24-25 маусымда Бельгия Корольдігіне жұмыс сапармен барды.



















