АҚШ Президенті Джо Байден кеше, 21 шілде күні президенттік сайлаудан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Джо Байден Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде жазды.
АҚШ-тың қазіргі президентінің мәлімдемесінде мерзімі аяқталғанға дейін президент ретіндегі міндетін орындайтыны, бірақ алдағы президенттік сайлауға қатысудан бас тартатыны айтылған. Сондай-ақ, Байден мәлімдемесінде соңғы үш жарым жылда АҚШ-та үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін айтып: «Бүгінде АҚШ әлемдегі ең мықты экономикаға ие», — деді.
Енді демократиялық партия алдағы сайлауға Камала Харристі үміткер ретінде бекітуі тиіс. Соңғы үш аптада 40-қа жуық демократиялық конгрессмен Джо Байденді Дональд Трамппен өткен пікірталастағы сәтсіздігінен кейін президенттік сайлаудағы науқанын тоқтатуға шақырды.
81 жастағы Байден 5 қарашада өтетін президент сайлауына демократиялық партия атынан үміткер болды. Бірақ ол 27 маусымда Дональд Трамппен болған пікірталаста сәтсіздікке ұшырады. Пікірталас кезінде Байден кейбір тұста өз ойларын дұрыс аяқтай алмады. Осыдан кейін The New York Times басылымы Джо Байден президенттік сайлаудан бас тартуы тиіс деп жазды.
Айта кетейік, АҚШ-та президенттік сайлау 5 қарашада өтеді. Республикалық партия атынан сайлауға Дональд Трамп қатысады.



















