Пәкістан Үкіметі Нетаньяхуды лаңкестер тізіміне енгізді
Пәкістан Үкіметі Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды ресми түрде «лаңкес» деп жариялады.
Еуразия Тудейдің Dawn басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, Пәкістан премьер-министрінің саясат және қоғамдық істер жөніндегі мемлекеттік кеңесші Рана Санаулла, Пәкістанның Ақпарат және телерадио тарату министрі Аттаулла Тарар және Пәкістанның Техрик-и Лаббайк партиясының өкілдері Исламабадта бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қол қойған аталмыш шешімді Рана Санаулла мәлімдеме түрінде оқыды. Құжат Пәкістанның Техрик-и Лаббайк партиясының өтініші мен ынтымақтастығы бойынша әзірленген.
Рана Санаулла мәлімдемесінде «Нетаньяху — лаңкес және әскери қылмыстарды жасаушы. Ол лаңкес деп танылып, халықаралық қылмыстары үшін жауап беруі керек», — деді.
Рана Санаулланың айтуынша, 31 шілдеге дейін Палестинаға мың тоннадан астам азық-түлік пен дәрі-дәрмек жөнелтіледі. Cонымен қатар Санаулла Үкімет Палестина халқына медициналық көмек көрсетуге және аймаққа медициналық қызметкерлер жіберуге келіскенін хабарлады.
Сондай-ақ Пәкістан Үкіметі Израильді қолдайтын компанияларды анықтау және оларға бойкот жариялау үшін комитет құрды.




















