Ресей Қаржы министрлігі мен Орталық банк БРИКС-ке мүше елдер үшін ортақ төлем жүйесін құру мәселесін талқылап жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Ресей Орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина мәлімдеді.
Эльвира Набиуллина бұл туралы: «Ресейдің Орталық банкі мен Қаржы министрлігі БРИКС-ке мүше басқа елдермен келіссөздер жүргізуде. Әрине, мен бұрын бұл жобаның өте күрделі екенін айттым. Оны серіктестерге түсіндіріп, ілгерілету үшін уақыт қажет.
БРИКС төлем жүйесін құру талқыланып жатыр. Талқылау аяқталмайынша, біз қаржы төлемдерін жүзеге асыру үшін BRICS Bridge платформасы сияқты басқа әдістер мен бастамаларды қолданамыз», — деді.
Бұдан бұрын БРИКС елдері арасында олар қаржы институттарының жаңа жүйесін құруды жоспарлап отырғаны хабарланды. Жоба Батыс елдеріне деген экономикалық тәуелсіздікті арттырады.
Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың мәлімдемесіне сәйкес, БРИКС экономикалық блогы барлық мүше елдердің төлем жүйелерін байланыстыру туралы Иранның ұсынысын қарастыруда. Бұл ұсыныс санкцияларға төзімді төлем инфрақұрылымын құру арқылы БРИКС елдерінің қаржы саласындағы егемендігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, экономикасы дамып келе жатқан елдер тобы 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың бастамасымен құрылды. 2010 жылы топқа Оңтүстік Африканың қосылуымен топтың атауы БРИК-тен БРИКС-ке өзгертілді.
2024 жылдың қаңтар айында Иран Ислам Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері осы одаққа ресми түрде қосылды.
Биыл 22-24 қазанда Татарстан астанасы Қазан қаласында БРИКС саммиті өтеді.













