Палестиналық ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Хания Иран астанасы Тегерандағы резиденциясына жасалған шабуыл кезінде көз жұмды.
Еуразия Тудейдің Mehr агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Исмаил Хания Тегеранға осы елдің жаңа сайланған президенті Масуд Пезешкианның ант беру рәсіміне қатысу үшін барған болатын.
Агенттіктің хабарлауынша, бүгін таңертең жасалған шабуыл кезінде Ханияның оққағарларының бірі де қаза тапқан.
Ислам революциясының Сақшылар корпусы Исмаил Ханияның өлімін растап, мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде: «Палестина халқы мен Ислам үмбетіне, сондай-ақ осы уақытқа дейін қарсыласып келген жауынгерлер мен Иран халқына көңіл айта отырып, бүгін, 31 шілде күні таңертең Тегерандағы резиденциясына жасалған шабуылдан Исмаил Хания мен оның бір оққағары шейіт болғанын хабарлаймыз»,-деп жазылған.
Палестина Исламдық жиһад қозғалысының бас хатшысының орынбасары Исмаил Ханияның өліміне қатысты: «Егер жау көшбасшыларды өлтіру арқылы қарсылықты жеңе аламын деп ойласа, мүлдем қателеседі»,- деді.
ХАМАС ресми мәлімдемесінде бұл шабуылдың артында Израиль тұрғанын айтты. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр.




















