Иран Венесуэла халқы және Үкіметімен ынтымақтастығы мен берік қолдауын білдіріп, Венесуэланың ішкі ісіне кез-келген шет елдің араласуына қарсы екенін білдірді.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани Венесуэладағы президенттік сайлаудан кейінгі оқиғаларға байланысты X аккаунтында жазба жариялап: «Венесуэла халқының дауыс беру құқығын қолдай отырып, Иран Ислам Республикасы осы елдің ішкі істеріне кез-келген шет елдің қысымы мен араласуына қарсы екенін білдіреді»,- деді.
Венесуэланың Ұлттық сайлау комитеті 29 шілде күні президенттік сайлау нәтижесінде Николас Мадуроның жеңіске жеткенін хабарлағаннан кейін елде ауқымды шерулер басталды. Каракас және басқа да ірі қалаларда мыңдаған адам шерулерге шығып, президенттік сайлау нәтижесіне наразылықтарын білдірді. Шерушілер оппозициялық кандидат Эдмундо Гонсалес Николас Мадуродан басым дауыс жинаған деп мәлімдеді. Алайда, Мадуро бұны жоққа шығарып, елінде орын алған тәртіпсіздіктерді сыртқы күштердің «төңкеріс әрекеті», ал сайлауға қатысты қарсылық білдірген азаматтардың барлығын шетелде арнайы дайындалып келген қылмыскерлер деп атады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Венесуэладағы ереуілдерде кемінде 11 адам қаза тапқан.


















