ХАМАС қозғалысының жаңа басшысы болып Яхья Синвар сайланды.
Еуразия Тудейдің ұйымның Telegram арнасында жариялаған мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Яхья Синвар ұйымның саяси бюросының жаңа басшысы болып сайланды.
Әбу Ибраһим деген атпен танымал 62 жастағы Синвар Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласындағы босқындар лагерінде дүниеге келген.
Бұрын Синвар Газа секторындағы қозғалыстың көшбасшысы болды. Ол өмірінің көп бөлігін Израиль түрмесінде өткізген. 1988 жылы оны Израиль билігі тұтқындап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Кейіннен ол 2011 жылы палестиналық тұтқындарды израильдік жауынгер Гилад Шалитке айырбастау кезінде түрмеден босатылды.
ХАМАС ұйымының басшылығына ол 2017 жылы сайланды. Яхья Синвар Газадағы радикалдық ұйымның әскерін қалыптастырудың негізін қалады. Артынша ол қалыптастырған қарулы жасақтары ХАМАС-тың әскеріне айналды.
ХАМАС ұйымының белді мүшесіне айналған Яхья Синвар Израильге қарсы шабуылдар ұйымдастырды.
АҚШ Үкіметі 2015 жылы Яхья Синварды «лаңкес» деп таныды. 2023 жылдан бері Яхья Синварға Ұлыбритания мен АҚШ санкция салған. Яхья Синвардың ХАМАС қозғалысының жаңа басшысы болып сайлануына түсініктеме берген Израиль СІМ басшысы Израиль Катц оның көзін мүмкіндігінше тезірек жою керектігін мәлімдеді.
Яхья Синвардың басты мақсаты – Израильмен ешқандай мәмілеге келмеу.
Еске сала кетейік, ХАМАС ұйымының жетекшісі болған Исмаил Хания 31 шілде күні Тегеранда қастандық салдарынан көз жұмды.




















