Беларусь Әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Андрей Лукьянович Тегеранға жұмыс сапарымен келді.
Еуразия Тудейдің Беларусь Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Беларусь әскери делегациясын бастап, Тегеранға ресми сапармен келген Андрей Лукьянович Иран армиясының бас қолбасшысы генерал-майор Абдулрахим Мусави және Иран армиясының әуе күштерінің қолбасшысы бригадир Хамид Вахедимен кездесулер өткізді.
Сапар барысында тараптар екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылап, оның одан әрі даму жолдарын қуаттады. Хамид Вахеди Андрей Лукьяновичпен кездесуінде Иранның әскери салаларда өзара қарым-қатынасты дамытуға және әскери техниканы өндіру саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Беларусь Әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы Иран армиясының әуе күштері қолбасшысының шақыруын жоғары бағалап, бүгінде қос ел арасындағы қорғаныс және әскери салалардағы қарым-қатынастың дамып келе жатқанын атап өтті.
Беларусь делегациясы Иранның әскери инфрақұрылым нысандары мен әскери-әуе күштерінің авиациялық техника және ғылым университетінде болды.



















