«Жібек жолы» халықаралық ралли қатысушылары Иран арқылы Түркіменстанға келді.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, 6 тамыз күні Түркияның Ыстамбұл қаласында ресми түрде басталған «Жібек жолы» халықаралық ралли қатысушылары 8 тамызда Иранға келді.
Иран өңірлерін бес күнде жүріп өткен раллишілер сейсенбі, тамыздың 12 күні Иран шекарасы арқылы Түркіменстанға жетті.
Халықаралық шараға Франция, Италия, Бельгия, Түркия және Германия елдерінің 23 азаматы 10 классикалық автокөлігімен қатысуда. «Жібек Жолы» халықаралық раллиіне қатысушылар Иран Ислам Республикасының туризм және автокөлік орталығының бастамасымен және Ирандағы «Тимар» такси орталығының қолдауымен Батыс Әзірбайжан, Шығыс Әзірбайжан, Зәнжан, Қазвин, Альборз, Тегеран, Мазандаран, Гүлістан, Солтүстік Хорасан және Хорасан Разави провинциялары арқылы өтіп, осы өңірлердің сұлу табиғаты, ежелгі тарихы, бай мәдениеті және туристік көрікті жерлерінде болды.
Ираннан бет алған көліктер Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан жерлерін басып өтіп, Моңғолияның Орхон аймағына жетуді көздеп отыр.



















