Ресейлік жас суретші Мария Зенкова Иранның мәдени мұрасы қатты қызықтыратынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Мария Зенкова бұл жайында IRNA агенттігіне берген сұхбатында бөлісті.
Марқұм Ибраһим Раисидің бейнесін салған ресейлік жас суретші Ресей мен Иран арасындағы «Достық үлгілері» атты алғашқы суретшілер фестивалінің финалистер қатарына кірді.
Зенкова IRNA агенттігіне берген сұхбатында неліктен Ибраһим Раисидің суретін салуға шешім қабылдағаны туралы: «Ибраһим Раиси тек саяси қайраткер ғана емес, сонымен бірге Иранның рухани және діни қайраткері. Мен оның керемет бейнесін жасауға тырыстым.
Марқұм Ибраһим Раиси Иранның президенті болды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл өте маңызды. Раиси — көрнекті, маңызды тарихи тұлға. Мен Иран халқы үшін естелік ретінде оның жарқын бейнесін көрсеткім келді»,- деді.
Ресейлік жас суретші сұхбат кезінде Иранда бұрын болмағанын, тек «Достық үлгілері» суретшілер фестивалі арқылы Иран мәдениетімен танысып отырғанын айтты.
Мария Зенкова көрмеге қойылған туындыларға тоқталыа: «Менің жұмысым, сондай-ақ, ресейлік суретшілердің көптеген туындылары ирандықтардың ұлттық киімін бейнелейді.
Мен фестивальде бұл елдің бай мәдени мұрасымен таныстым. Ол мені қатты қызықтырды. Мен ирандық суретшілердің туындыларын ресейлік суретшілердің туындыларымен қатар көргеніме және әуезді парсы тілін естігеніме өте қуаныштымын», — деді.
Мәскеуде «Достық үлгілері» атты Ресей мен Иран суретшілері фестивалінің жеңімпаздарын Акварель және бейнелеу өнері академиясында марапаттады.
Иран Ислам Республикасының Мәскеудегі елшісі Казем Джалали марқұм Ибраһим Раисидің суретін салған ресейлік суретші Мария Зенковаға ерекше құрмет көрсетті.
Иранның Мәскеудегі мәдени істер жөніндегі атташесі Масуд Ахмадвандтың айтуынша, суретшілердің таңдалған жұмыстары Санкт-Петербург және Қазан қалаларында бір ай бойы көрмеге қойылады. Содан кейін бұл туындылар Иранға жіберіліп, Тегеран, Исфаһан және Шираз қалаларында бір ай бойы көрермендерге ұсынылады.
Еске сала кетейік, тамыздың 16 күні Мәскеуде «Достық үлгілері» атты Ресей мен Иран суретшілерінің көрмесі ашылды. Іс-шараны Ресейдегі Иран елшілігі Сергей Андрияки атындағы Акварель және бейнелеу өнері академиясымен бірге Ресейдің Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
















