Иранда 40-шы Физика конференциясы бүгін, тамыздың 27 күні Арак университетінің Шәһид Чамран залында басталды.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, конденсацияланған заттар физикасы, оптикалық физика және лазерлі-плазмалық, физикалық космология және ядролық физика бағыттарына арналған ғылыми конференция 9 тамызға дейін жалғасады.
Конференция мақала жазу, экономика және физика, XRD талдау, астрономия және физика секциялары бойынша өткізіледі.
Иран Физика қауымдастығының вице-президенті Әлиреза Ағаи конференцияда қауымдастықтың тарихына тоқталып: «Иран Физика қауымдастығының Жарғысы 1963 жылы қабылданды. 1972 жылы өткен физика білімі бойынша алғашқы конференцияда қауымдастықтың Бас Ассамблеясы құрылды.
Содан кейінгі конференциялар 1973 және 1974 жылдары өтті. Ұзақ жылғы үзілістен кейін, яғни революциядан кейінгі алғашқы Иранның физика саласындағы конференциясы 1984 жылы өтті»,- деді.
Сонымен қатар ғылыми конференцияның хатшысы Нима Хосроу шарада сөйлеген сөзінде биылғы жылы конференцияға 338 жұмыс қабылданғанын, ал өткен жылы конференциядағы мақалалар саны 363 болғанын атап өтті.
Ол 2013 және 2014 жылдары өткен конференциялардағы мақалалар саны сәйкесінше 1263 және 972 болғанын айтып, соңғы жылдардағы мақалалар санының азаюы алаңдататынын айтты.
Арак университетінің ректоры Муджтаба Зульфикар: «Әлемнің негізгі инвестициялары іргелі ғылымдарға жұмсалады. Бұл ғылымдар елде бұрынғыдан да көбірек насихатталып, жақсы оқытылуы керек. Іргелі ғылымның алатын орны ерекше әрі маңызды, сондықтан жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыру үшін әдістерді өзгерту арқылы осы салада үлкен өзгеріс жасау керек», — деді.


















