Иранның Энергетика министрі елінің энергия өндіруде өте жақсы технологиялары мен мүмкіндіктері барын айтып, Ресеймен және БРИКС-тің басқа мүшелерімен осы салада ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Энергетика министрі Аббас Әли Абади сәрсенбі күні Ресейге келген сапарында мәлімдеді.
БРИКС елдерінің энергетика министрлері саммитіне қатысу үшін Мәскеуге келген Аббас Әли Абади Иранның БРИКС мүшелерімен ынтымақтастықты нығайту және дамыту үшін қолайлы географиялық жағдайына тоқталып: «Иран бұл саммитте өнеркәсіптік және техникалық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар жасайды. Саммитте жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аударылады. Осы бағытта кешенді жоспар әзірленген»,- деді.
Аббас Әли Абади БРИКС-тің ерекше құндылығын, соның ішінде экономикалық тұрғыдан алғанда өте маңызды институт екенін айтты.
Иранның Энергетика министрі бұл саммиттің энергетика саласындағы орнына да тоқталып, БРИКС -тің кейбір мүшелері ірі және негізгі энергия өндірушілер, ал басқалары оны тұтынушылар болғандықтан, бұл саммитті өткізудің маңызы екі есе артып отырғанын баса айтты.
Аббас Әли Абади Иранның солтүстікте Ресеймен, осы ел арқылы Қытаймен, оңтүстікте Сауд Арабиясы және Әмірліктермен шектесуі БРИКС мүшелерінің Иранмен энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға ерекше мүмкіндік туғызатынын айтты.
Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының Энергетика министрі Аббас Әли Абади сәрсенбі, қыркүйектің 25 күні БРИКС-ке мүше елдердің энергетика министрлерінің отырысына қатысу үшін Мәскеуге келді.
Оны Шереметьево халықаралық әуежайында Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали қарсы алды. Шара 26-28 қыркүйек аралығында Мәскеуде өтеді.


















