Иранның Әділет министрі және балалар құқығы ұйымының басшысы Амин Хоссейн Рахими Ливан мен Газа секторында балаларды жаппай өлтіргені үшін Израильді жауапқа тартуды сұрады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Газа секторы мен Ливанда он мыңдаған баланың қырғынға ұшырауына алаңдаушылық білдірген Амин Хоссейн Рахими Израильдің бұл әрекеттерін шектен шыққан зорлық-зомбылықтың айқын мысалы деп атап, сионистік режимді жауапқа тартуға шақырды.
Амин Хоссейн Рахими кеше, жұма күні Колумбияда өткен «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату» атты халықаралық конференцияда: «Мен Газа секторы мен Ливандағы он мыңдаған баланың қоныс аударуына, баспанасыз қалуына, жоғалып кетуіне және жаппай қырылуына қатты алаңдаймын. Бұл — бала құқықтары туралы конвенцияны өрескел бұзу және ең қатыгез зорлық-зомбылықтың айқын мысалы болып табылатын бұрын-соңды болмаған апат.
Иран Ислам Республикасы Израиль режимінің балаларға қарсы зорлық-зомбылығын тоқтату қажеттігін қуаттап, осы конференцияға қатысушылардың барлығын дереу нақты шара қабылдауға шақырады»,-деп баса айтты.
Рахими Газа секторы мен Ливандағы қорғансыз балаларға келтірілген зиянды соғыс қылмысы санап, израильдік қылмыскерлер мен олардың қорғаушыларын жауапқа тартуды талап етті.
Сондай-ақ, Иранның Әділет министрі Газа секторы мен Ливан балаларына келтірілген зиянның орнын толтыру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажеттігін қуаттады.
















