Бүгін, 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Ми-8 тікұшағының апатта жағдайда қонуы салдарынан бір адам қаза тапты.
Еуразия Тудейдің Телеграмдағы ҚР Қорғаныс министрлігінің арнасындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауына сәйкес, бүгін, 9 қарашада Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды.
Бортта болған үш экипаж мүшесінің екеуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты. Осы мәліметке сәйкес, авиациялық оқиғаның орын алуының алдын-ала себебі техникалық ақау деп жарияланды.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде.
Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Хабарламада марқұмның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажет көмек көрсетілетіндігі айтылған.
Ми-8 тікұшақтары — еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында. Техниканың бұл түрі 50-ден астам елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы мен сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі.













