«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Ресейдің «Татнефть» компаниясы бірлесіп, Атырау облысындағы Қаратон Подсолевой учаскесінде тереңдігі 5500 метр алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті.
Еуразия Тудейдің «ҚазМұнайГаз» компаниясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен Ресейдің «Татнефть» ЖАҚ Атырау облысындағы Қаратон Подсолевой учаскесінде тереңдігі 5500 метр алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті.
Бұрғылау жұмыстарын бастау рәсіміне ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов және «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов, сондай-ақ ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев қатысты.
Асхат Хасенов: «Қаратон Подсолевой учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау — Қазақстанның ресурстық базасын нығайтуға жасалған маңызды қадам. Бұл жоба біздің қор көлемін ұлғайту және жер қойнауының күрделі учаскелерін игеруге бағытталған стратегиялық міндеттерімізге сай келеді. «Татнефть» компаниясымен бірлескен күш-жігеріміз нәтижелі болып, еліміздің мұнай-газ саласындағы әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімдіміз», — деді.
«Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов: «Қаратон Подсолевой учаскесінің әлеуеті зор. Бұл Қазақстан Үкіметінің қолдауының арқасында жаңа табысты ортақ жобалардың негізіне айнала алады», — деді.
Қаратон Подсолевой учаскесі Теңіз ірі кен орны мен «Ембімұнайгаз» компаниясының кен орындарына жақын орналасқан.

















