Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісіне байланысты Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Еуразия Тудейдің Ақордаға сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және өзінің атынан ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге, халқына және жер сілкінісінен қаза тапқандардың жақындары мен отбасыларына көңіл айтып, жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тіледі.
Жеделхатта Президенттің Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласында болған жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағаны жазылған.
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласындағы Динжи уезінде 7 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 09:05-те магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Соңғы мәліметтер бойынша табиғи апат салдарынан 95 адам қаза тауып, 130 адам жараланды.




















