Иранның “Рази” ғылыми-зерттеу институты уыты кобрадан 20 есе улы қара жыланның шағуына қарсы жаңа поливалентті антидотты таныстырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, салтанатты шара Иранның Ауылшаруашылығы жиһад министрінің орынбасары Ғоламреза Голмохаммадидің қатысуымен өтті.
Голмохаммади бұл жаңа өнімді ұлттық биологиялық қауіпсіздік үшін маңызды жетістік деп атады.
Ғоламреза Голмохаммади: “Бұл антидот соңғы жылдары Систан және Белуджистан провинциясында адамдардың өліміне себеп болған жылан уын бейтараптандыру үшін арнайы жасалды.
Қара жылан Иранның оңтүстік-шығысындағы шекаралас аймақтардан табылды. Дәстүрлі антидоттар оның мутацияланған уына қарсы тиімсіз болып шықты. Бұл жетістікке “Рази” институты зерттеушілерінің ауқымды зерттеулері және жылан шағуын емдей алатын жеті валентті сарысу арқылы қол жеткізілді.
Жеті валентті сарысу жылқыларды қайталап иммундау (гипериммунизация) әдісі арқылы жасалды”,- деді.
“Razi” институтының мәліметінше, препарат клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, жаппай өндіріске енгізілуге дайын.
Қара жыландардың адамдарға шабуылдары тіркелген Систан және Белуджистан провинциясы Пәкістан және Ауғанстанмен шектеседі. Антидоттың жасалуы шекаралас ауылдық жерлердегі дәрігерлердің сұранысының артуына берілген жауап болды.
















