АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен ядролық бағдарлама бойынша келісім жасауға дайын екенін мәлімдеп, текетіреске жол бермеу ниетін білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бұл туралы Дональд Трамп сәрсенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамп мәлімдемесінде: “АҚШ Израильмен бірлесіп, Иранды толығымен жоюды көздейді деген ақпарат өте асыра айтылған. Мен Ислам Республикасының дамуы мен өркендеуіне мүмкіндік беретін бейбіт және тексерілетін келісімді қалаймын”,- деп жазды.
Трамп мұндай келісім бойынша жұмысты мүмкіндігінше тезірек бастау керектігін айтты. АҚШ Президенті Иранның ядролық қарусыз табысты ел болғанын қалайтынын мәлімдеді.
Мұның алдында Дональд Трамп Иранға барынша қысым көрсету саясатын қалпына келтіруді көздейтін жарлыққа қол қойды.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдай 2018 жылы Трамп әкімшілігінің “Ортақ қадам” ядролық келісімінен шыққаннан кейін ушықты. АҚШ келісімнен шыққаннан кейін Иранға қарсы бірқатар қатаң санкция салды.


















