АҚШ пен Иран келіссөздерінің төртінші кезеңі 10-11 мамырда өтуі мүмкін.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Axios порталының тілшісі Барак Равид X әлеуметтік желісінде жазды.
Барак Равид кеше, дүйсенбі күні жариялаған жазбасында: “Уиткофф АҚШ алдағы демалыс күндері Иранмен жанама келіссөздердің төртінші кезеңін өткізу туралы келісіп жатқанын айтты”, — деп жазды.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф келіссөздер туралы: “Біз Иранмен келіссөздерде біраз жетістікке қол жеткіздік. Келіссөздер дұрыс бағытта жүріп жатыр деп үміттенемін. Президент мүмкіндігінше мәселенің дипломатиялық жолмен шешілгенін қалайды. Сондықтан біз бұл бағытта алға жылжу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз”, — деді.
Иран Ислам Республикасының СІМ ресми өкілі Исмаил Бақайи кеше, 5 мамыр күні Тегеранның Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Вашингтонмен жанама келіссөздер жүргізуді жалғастыруға дайын екенін, келесі келіссөздердің күні мен орнының жариялануын күтетінін айтты.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ Оманның қатысуымен 12 сәуір күні жанама келіссөздерді бастады.
Келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуірде Италия астанасы Римде, үшінші кезеңі 26 сәуір күні Оманда өтті.
Келіссөздердің төртінші кезеңі мамырдың үші күні Римде өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, логистикалық және техникалық себептерге байланысты келіссөздердің төртінші кезеңі кейінге қалдырылды.













