АҚШ Президенті Дональд Трамп Сирияға қарсы салынған санкцияларды алып тастайтынын айтты.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Дональд Трамп мұндай шешімді Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Сириядағы жағдайды талқылаған соң қабылдады.
Трамп Парсы шығанағы елдеріне сапары аясында Эр-Риядта өткен Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың бірлескен инвестициялық форумында сөз сөйледі.
АҚШ Президенті Трамп сөзінде АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларын алып тастайтынын айтты.
Трамп Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескенін айтып: “Түркия Президенті Ердоған Сирияға қарсы санкцияларды жою туралы өтініш жасады. Менің Таяу Шығыстағы басқа да достарым осындай өтініш жасады. Біз Сирияға қарсы санкцияларды алып тастаймыз”, -деді.
Трамп Парсы шығанағы мен АҚШ саммиті өтетін Эр-Риядта Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен жеке кездесуі мүмкін.
АҚШ Президенті Дональд Трамп 12 мамыр күні мәлімдеме жасап, 15 мамыр күні Түркияның Ыстанбұл қаласында өтуі тиіс Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге АҚШ делегациясы да қатысатынын айтты.
Трамптың айтуынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Түркияда Сирия Сыртқы істер министрі Асад Хасан Шейбанимен кездеседі.




















