Иран армиясының ардагері, саясаткер Моһсен Резайи Израильдің Иранға шабуыл жасау арқылы үлкен қателік жіберіп, дағдарысқа ұшырағанын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы Бас қолбасшысы Моһсен Резайи кеше, бейсенбі күні теледидарға берген сұхбатында Израиль режимінің жоғары лауазымды ирандық бірқатар қолбасшыны жою арқылы Иранның әскери шешім қабылдау қабілетіне нұқсан келтіру туралы болжағанын айтты.
Резайи: “Бірақ олардың бұл болжамы жүзеге аспады. Жетекшінің басшылығымен барлық әрекет қарқынмен жүріп жатыр.
Израильдіктер өздерінің кибермүмкіндіктеріне сеніп, Иранға ене аламыз деп ойлады. Олар Исмаил Хания және Иранның ядролық ғылыммен айналысқан ғалымдарын өлтіру арқылы өз міндеттерін жеңілдетеміз деп ойлады. Сонымен қатар, сионистік режим “Темір күмбез” сияқты қорғаныс жүйелеріне толық сенімді болды. Бірақ барша Иранның әскери күші оларға не істегенін көрді.
Иран Израильдің жоспарларын сәтті бұзып, Тель-Авив режимінің мақсаттарына жетуіне кедергі келтірген бірінші ел болды. Осы уақытқа дейін бірде-бір Үкімет мұндай жетістікке жеткен жоқ”, -деді.
Резайи Израиль басшыларының АҚШ Президенті Дональд Трамптан не көмекке келуді, не атысты тоқтатуды жариялауды сұрағанын айтып: “Олар дағдарысқа ұшырады. Бізде артықшылық бар. Бірақ Израильді жазалау әлі аяқталған жоқ”,- деп мәлімдеді.
Резайи келесі соққылар Иранның қауіпсіздігіне кепілдік беретіндей күшті болуы керектігін баса айтты.













