Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи Иран халқын 12 күнге созылған қақтығыста Израильді жеңуімен құттықтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша аятолланың құттықтау мәтіні төмендегідей:
«Ұлы Иран халқына бірнеше құттықтау айтуды қажет деп санаймын. Біріншіден, сионистік режимді жеңулеріңізбен құттықтаймын. Осынша шумен, барлық мәлімдемелерімен сионистік режим күйреп қала жаздап, Ислам республикасының соққыларынан жаншылды», — деді.
Хаменеидің Иран халқына екінші құттықтауы «сүйікті Иранның Америка режимін жеңуімен» байланысты айтылды.
«Америка режимі соғысқа кірді, өйткені кері жағдайда сионистік режим толығымен жойылады деп ойлады.
Бірақ бұл соғыстан ешқандай пайда болмады. Ислам Республикасы жеңіске жетіп, жауап ретінде Американың бетінен шапалақпен аяусыз ұрды», — деді.
Үшінші құттықтауы Иран халқының ерекше бірлігі мен ынтымағына арналды.
Рухани жетекші: «Құдайға шүкір, Иранның тоқсан миллионға жуық халқы бірауыздан, иық тірестіріп, қатарласып, талап-тілектерінде, ниеттерінде еш айырмашылығы жоқ халық тік тұрып, ұрандар айтып, сөз сөйлеп, қарулы күштердің әрекеттерін қолдады. Бұл алдағы уақытта да жалғаса бермек», — деді.
Айта кетейік, бұл аятолланың Израильмен қақтығыс аяқталғаннан кейін және АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарын бомбалауынан кейінгі алғашқы ашық мәлімдемесі.

















