Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің көршілес елдермен қарым-қатынаста жаңа тарауды ашуға дайын екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Президент Масуд Пезешкиан Иран Ислам Республикасының басты стратегиясын тату көршілік саясат және аймақ елдерімен байланысты кеңейту деп атады.
Пезешкиан кеше, жексенбі күні түстен кейін Министрлер кабинетінің отырысында: “Мен діни жетекшіге 12 күндік соғыс кезіндегі даналығы үшін алғыс білдіруді өзімнің міндетім санаймын. Оның басшылығы мен қолдауынсыз бұл дағдарысты еңсеріп, қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату мүмкін емес еді”,-деді.
Сондай-ақ, Иран Президенті Үкімет пен Қарулы күштерге қолдау көрсеткен діни билік өкілдеріне, көрнекті ғалымдарға, жетекші академиктерге, жазушыларға, зиялыларға, өнер қайраткерлеріне және БАҚ өкілдеріне шын жүректен алғыс айтты.
Пезешкиан ұлттық бірлік пен ынтымақ қалыптастырудағы шет елдерде жүрген ирандықтардың да рөлін назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтып, оларға құрмет білдірді.
Сонымен қатар, Масуд Пезешкиан тату көршілік саясаты мен аймақтық қарым-қатынасты дамыту Иран Ислам Республикасының басты стратегиясы екенін қуаттады. Ол ислам елдері арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын қуаттап, жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Иран Ислам Республикасы Парсы шығанағы елдерінің әріптестік кеңесімен ынтымақтасуға дайын екенін баса айтты.
Пезешкианның айтуынша, бұл Парсы шығанағы аймағындағы көршілес елдермен қарым-қатынаста жаңа тарауды ашады.
Пезешкиан Тегеранның Парсы шығанағын аймақ елдері арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықтың символы деп санайтынын баса айтты.


















