Гуманитарлық апатқа ұшыраған Газа секторындағы әрбір оныншы бала дұрыс тамақтанбаудан зардап шегуде.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің (UNRWA) Бас комиссары Филипп Лаззарини мәлімдеді.
Лаззарини X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Израильдің гуманитарлық көмек ағынын шектеуі салдарынан Газа секторында ашаршылыққа ұшыраған палестиналықтардың жағдайы туралы жазды.
UNRWA Бас комиссары: “Газа секторындағы UNRWA денсаулық сақтау мекемелерінде тексерілген әрбір оныншы баланың дұрыс тамақтанбаудан зардап шегетіні белгілі болды. Сектордағы балалардың дұрыс тамақтанбауы азық-түліктің өткір тапшылығына байланысты күшейді”,- деді.
Лаззарини Салам есімді 7 айлық нәрестенің өткен аптада дұрыс тамақтанбау салдарынан қайтыс болғанын, Израильдің қарқынды шабуылдары мен секторды қатаң блокадаға алғанға дейін Газада дұрыс тамақтанбау сирек кездесетін жағдай болғанын еске салды.
Филипп Лаззарини секторда аштықтың күшейгенін және мұның әдейі жасалып жатқанын баса айтты.
Лаззарини БҰҰ-на өз міндеттерін орындап, ауқымды гуманитарлық көмек көрсетуге рұқсат беруге шақырды.
Айта кетейік, Израиль наурыз айының басынан бері жүк тасымалына тосқауыл қойды.
Палестиналықтардың айтуынша, Израиль Газа секторының тұрғындарын қоныс аударуға мәжбүрлеу мақсатында аштық пен шөлді қару ретінде пайдаланады.



















