Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бақайи “Үлкен жетілік” тобының Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты жуырдағы мәлімдемесін айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи бұл туралы бейсенбі күні Telegram арнасындағы аккаунтында жазды.
Бақайи G7-ге мүше елдердің еуропалық үш ел мен АҚШ-ның Қауіпсіздік кеңесінің Иранға қарсы күші жойылған қарарларын қалпына келтіруге бағытталған заңсыз әрі негізсіз әрекетін қолдауын сынға алып, бұл әрекетті “халықаралық құқықты бұзуға қолдау көрсету” деп атады.
Ол Ұлыбритания, Франция және Германияның Snapback механизмін өз мүддесіне сай бұрмалап қолданғанын айтып, бұл әрекеттің заңсыз және негізсіз екенін атап айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы АҚШ-ның үйлестіруімен жүргізілген дипломатиялық келіссөздер барысында сионистік режимнің Иранға жасаған әскери шабуылын және Вашингтонның Иранның ядролық нысандарына тікелей шабуыл жасағанын еске салып, G7 тобының “Еуропаның үш елі мен Америка жан-жақты және тұрақты келіссөздер арқылы шешімге қол жеткізу үшін бірнеше рет дипломатиялық шешім ұсынды” деген мәлімдемесін өтірік әрі шындықты бұрмалау деп бағалады.
Сондай-ақ Бақайи қазіргі жағдайдың негізгі себебі АҚШ-ның 2018 жылы “Ортақ қадам” жан-жақты бағдарламасынан заңсыз әрі біржақты түрде шығуы мен Иранға қатысты халықаралық құқықты жүйелі түрде бұзуы екенін айтты.
Бақайи еуропалық үш елдің өз міндеттемелерін орындамаумен қатар АҚШ пен Израиль режимінің Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық нысандарына қарсы әскери шабуылын қолдағанын айтып: “Олар тек өз міндеттемелерінен бас тартқан жоқ, сонымен қатар Иранның барлық дипломатиялық бастамалары мен күш-жігерін де елемеді”, — деді.
Иран СІМ-нің баспасөз хатшысы “Үлкен жетілікке” мүше елдердің ядролық қаруы бар, геноцид қылмысын жасап отырған Израиль режимінің қылмыстарына көз жұма қарайтын әрекетін сынға алып, олардың ядролық қаруды таратпау туралы көзқарасын “екіжүзділік” деп атады. Сонымен қатар, Бақайи G7 елдерінің бейбітшілікке және халықаралық қауіпсіздікке қатысты жалған және жауапсыз мінез-құлқына байланысты басқаларға ақыл айтуға құқығы жоқ екенін атап айтты.


















