Арменияның Қызыл Крест қоғамы мен Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы меморандумға қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Арменияның Қызыл Крест қоғамы мен Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және басқа да бірқатар салада бірлескен гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Арменияның Қызыл Крест қоғамының президенті Давид Нерсисян мен Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының президенті Пирхоссейн Коливанд кеше, сейсенбі күні Ереванда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы өткен жылы Арменияның Лори аймағындағы су тасқынынан кейін гуманитарлық көмек жіберген соң екі ұйым арасындағы қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Нерсисянның айтуынша, үлкен мүмкіндіктерге ие ирандық тарап Арменияның Қызыл Крестімен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірген. Алдағы уақытта бұл бағытта нақты қадамдар жасалмақ.
Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының президенті Пирхоссейн Коливанд ұйымның өз тәжірибесімен бөлісуге және қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін атап айтты. Оның айтуынша, ынтымақтастық білім беру, құтқару жұмыстары және денсаулық сақтау салаларын қамтитын болады.
Коливандтың сөзінше, алғашқы қадамдардың бірі – Арменияның Қызыл Крестіне дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жеткізіп, онкологиялық аурулардың алдын алу орталықтары мен заманауи хирургиялық орталық ашу болмақ.
Иранның Армениядағы елшісінің орынбасары Баһрам Тахери Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы мен Арменияның Қызыл Крест қоғамы арасындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қарқынды дамып келе жатқан қатынасқа сай келетінін айтып, елшілік тарапынан қол қойылған меморандумды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетілетінін қуаттады.



















