Шымкент қаласында өткен бизнес-форумда Қазақстан мен Ауғанстан арасында жалпы құны 303 миллион доллар болатын 15 құжатқа қол қойылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша форумға екі елдің бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдары қатысты. Іс-шара Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға қатысқан Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстанмен ынтымақтастықтың маңызын атап айтты.
Сондай-ақ, Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи мен Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Евгений Тукумов құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар форумда Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мен «Shymkent Invest – Front Office» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл келісім екі ел арасындағы инвестиция мен сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 545,2 млн АҚШ долларын құрады. Болат прокаты, жүк көліктері және қант сияқты тауарлар бойынша өсім байқалды.
Форум нәтижесінде QazTrade пен Gazanfar корпорациясы Мазари-Шариф қаласында серіктестік кеңсе ашу жөнінде уағдаласты. Бұл кеңсе екі ел арасындағы сауданы дамытуда үлкен рөл атқарады.
















