Иранның жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеи АҚШ-мен ынтымақтастық орнатудың шарттарын атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы аятолла Әли Хаменеи 13 абан күнгі тегерандық студенттердің Американың Иранның ішкі ісіне араласуына қарсы шеруге шыққан күніне орай студенттер мен оқушылармен кездесуінде мәлім етті.
Хаменеи “Студенттер күні және жаһандық менмендікке қарсы ұлттық күрес күні” мәлімдеме жасап, Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасқа тоқталды.
Хаменеи: “Америкалықтар кейде Иранмен ынтымақтастық орнатқысы келетінін айтады. Бірақ Америка Құрама Штаттары сионистік режимді қолдап, аймақта әскери базаларын ұстап, өңірдің істеріне араласып отырған кезде Иранмен ынтымақтастық орнату мүмкін емес. Американың тәкаппарлығының мәні тәуелсіздік сұраған Ислам революциясының мәнімен үйлеспейді. Ислам Республикасы мен Америка арасындағы келіспеушілік тактикалық немесе ситуациялық емес”, — деді.
Әли Хаменеи Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықты жақын арада емес, әлдеқайда кейінірек және тек үш қатаң шарт орындалған жағдайда ғана қарастыруға болатынын баса айтты.
Хаменеидің айтуынша, ынтымақтастық тек Америка Құрама Штаттары сионистік режимді қолдауын толығымен тоқтатып, өзінің барлық әскери базаларын аймақтан шығарған және аймақтың ішкі істеріне араласуды тоқтатқан кезде мүмкін екенін мәлім етті.
Аятолланың айтуынша, алдағы уақытта Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуін күтуге негіз жоқ. Оның сөзінше, егер мұндай қадам жасалса, ол тек кейінірек жүзеге асуы мүмкін.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өткен қазан айында Тегеран дайын болса, Иранмен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Трамп достық пен ынтымақтастыққа ашық екенін айтты.



















