Иран астанасы Тегеран әлемдегі жетекші инновациялық орталықтардың үздік 100 тізіміне кіріп, рейтингте 65-орынға жайғасты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл тізімге енген Ирандағы жалғыз қала – Тегеран.
Аталмыш рейтингті Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жасады.
Зерттеу барысында инновациялық орталықтарды бағалау үшін Патенттік кооперация туралы шарт аясындағы халықаралық патенттік өтінімдер, ғылыми жарияланымдар және венчурлік капитал саласындағы инвестициялық мәмілелер сияқты үш негізгі көрсеткіш ескерілген.
Бұл рейтинг университеттер, зерттеу орталықтары, өнертапқыштар, компаниялар мен инвесторлар шоғырланған өңірлерді анықтайды. Мұндай орталықтар жаңа технологияларды әзірлеу, инновацияларды коммерцияландыру және оларды тауарлар мен қызметтерге айналдыруда маңызды рөл атқарады.
Зерттеу қамтыған бес жыл ішінде Тегеранда халықаралық патент алуға 405 өтінім берілген. Сонымен қатар қалада 58 732 ғылыми мақала жарияланып, венчурлік инвестициялар саласында 107 мәміле жасалған. Тегеран университеті де қаланың инновациялық әлеуетіне елеулі үлес қосып, ғалымдары зерттеу кезеңінде 5 232 ғылыми мақала жариялаған.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының есебіне сәйкес, Тегеранның негізгі инновациялық бағыттарының бірі – инженерлік ғылымдар. Патенттік өтінімдердің ішінде медициналық технологиялар 19 пайыздық үлеспен алдыңғы орынға ие болды. Одан кейін компьютерлік технологиялар, азаматтық құрылыс және фармацевтика салалары орналасқан.
2026 жылғы әлемдегі ең ірі инновациялық кластерлер рейтингінде бірінші орынды Қытайдағы Шэньчжэнь – Гонконг – Гуанчжоу орталығы иеленді.



















